Аудан: Ырғыз
(17.02.1952 ж.т. Ырғыз ауд.) – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс (1991). Ырғыз ауданының құрметті азаматы (2002). Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін (1970), Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетін ҚР халық әртісі Ы.Ноғайбаев, профессор Р.Қаныбаева класында бітірген. 1974 жылдан Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етеді. Ширек ғасыр ішінде театр сахнасында В.Шекспирдің «Гамлетінде» Офеная, И.Саввин мен Ж.Тәшеновтің «Қаладан келген қалжыңбас» комедиясында – Жамал, «Дуалы күнгі думанда» - Ипполита, А.Чеховтың «Шағаласында» - Маша, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» - Ләззат, Қ.Қайсеновтың «Жау тылындағы баласында» - Анна Ивановна, М.Әуезовтің «Алуасында» - Нина Ивановна, Ш.Аймановтың «Сократты еске алу түнінде» - Ғалия, т.б. көптеген әйел образдарын шеберлікпен сомдап, көрерменнің ілтифатына бөленді. Л.Кәденова Қазақтың М.Әуезов атындағы Академиялық драма театры және И.Сац атындағы республикалық жастар театры сахналарында да біраз рольдерді сомдады, кино әртісі ретінде танылды. «Қазақфильм» қойған «Зять из провинции», «Балкон», «Конфликт», «Қырғызфильмнің» «Восхождение на Фудзияму» кинофильмдерінде ойнады.