Ақтөбенің даңқты перзенттері туған топырағына келді

23.06.2017
Error 2

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қыркүйекте өтетін «Ақтөбе — құтты мекен» форумына дайындық аясында Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі жерлестермен кездесу өтті.

Кездесуге белгілі саясаттанушылар мен кәсіпкерлер, өнер адамдары, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Шарада алғаш болып сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген жерлестерге шынайы ризашылығын білдірді.

Әрбір адам үшін кіндік қаны тамған жері әрқашан да ыстық. Себебі туған жерде білім, тәрбие алып, өміріңнің жаңа жолын бастайсың. Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын айтты. Елбасы қазіргі экономикалық-саяси өзгерістерге қосымша рухани жаңғыртуды енгізу жөнінде бүкіл Қазақстан халқына үндеу тастады, мақала жариялады. Осыған орай елімізде арнайы бағдарлама енгізілді. Қазір біз Елбасы берген сол тапсырмаларды жүзеге асыру үшін қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, дүние жүзіндегі Ақтөбе өңірінен шыққан жерлестерімізбен хабарласып, өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобаны насихаттадық. Сондай-ақ Ақтөбеде «Туған жер» атты әлеуметтік жүйе ашылды. Мақсат — жан-жақта жүрген жерлестеріміздің басын қосу, өсіп келе жатқан ұрпаққа Ақтөбеден шыққан азаматтардың ел үшін қандай қызмет жасап жатқанын көрсету, олардың жетістіктері мен туған жерге қосқан үлестерін елімізге, әлемге таныту.

Ал бүгінгі жиналғандағы мақсатымыз — Ақтөбеде туып-өскен белгілі тұлғалар мен ірі кәсіпкерлермен жүздесіп, ой-ұсыныстарыңызды тыңдап, өңірде жасалып жатқан жұмыстарды көрсету, жаңа жобаларымызды ұсыну. Биыл қыркүйек айында облыста халықаралық деңгейде форум өткізу жоспарымызда бар. Бүгінгі басқосу сол үлкен шараға дайындық,  — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс басшысы бүгінгі күні облысымызда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын, облыстан шыққан танымал тұлғаларды, кәсіпкерлерді өңірдің әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуға тартуды көздейтін акция облыс жұртшылығы тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын атап өтті.

Бұдан кейін шарада жиналғандарға Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті туралы таныстырылым көрсетіліп, облыс басшысы Ақтөбе облысымен шектесетін бірқатар халықаралық жолдар мен өзге облыстар арасында салынып жатқан автомобиль жолдары, сондай-ақ темір жол, әуе жолы қатынасы туралы кеңінен мағлұмат берді. Сондай-ақ облыс басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық өсу қарқыны, оның ішінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар жайында да баяндады.

Жиында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы «Ақтөбелік жерлестер» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Сергей Воробьев сөз сөйлеп, жерлестеріне өзінің ыстық ықыласын жеткізді.

Бүгін біз қаланы аралап, жаңадан салынған, сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан кәсіпорындар мен ғимараттарды көріп, таң-тамаша болдық. Бүгінге дейін көптеген жұмыстар жасалған.

Іскер адамдардың арасында мынадай нақыл сөз бар: «Өмірді мәңгілік сүретіндей етіп сүріңдер, ал істі ертең өлетіндей жасаңдар», — деген. Сондықтан осындай үлкен қаланы гүлдендіріп жатқан сіздерге, облыс әкімдігіне үлкен табыстар тілеймін. Ал біздің жерлестер ұйымына келсек, біз Мәскеуде ғана емес, осы облыстан шыққан азаматтар тұратын басқа да елдермен, мәселен, Германия, Израиль, Америка, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапониямен тығыз байланыстамыз. Аталған елдерде тұратын жерлестердің барлығы белгілі бір жетістікке жеткен, бәрі өздерінің хал-күйінше өмір сүріп жатыр. Біз осы ұйымды құрған кезден бастап 12 жыл бойы «Туған жерге өз үлестерімізді қосамыз», — деген үмітте өмір сүріп келеміз. Міне, осы үмітіміз ақталып, бүгін жерлестермен кездесіп отырмыз, — деді С.Воробьев.

Өз сөзінде Мәскеуден келген жерлесіміз әр адам шетте жүрсе де өз туған жерін құрметтеуі, сүйюі керек екенін, әлемнің қай түкпірінде өмір сүрсе де өз туған жеріне, еліне үлес қосуы керектігін айтып, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Бұдан кейін шарада медицина ғылымының докторы, профессор, республикалық трансплантациялау орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев игі тілегін жолдады.

Адамға өз елінде қай жерде жүрсе де жақсы. Алайда өзінің туған жері әрдайым ыстық. Әсіресе, адамның жасы үлкейген сайын оны туған жері, кіндік қаны тамған жері әрдайым шақырып тұрады. Біздің Ақтөбеден медицина саласында көптеген білікті мамандар, профессорлар, өз ісінің білгірлері шықты. Бүгінгі күні елімізде елдің мақтанышы болып жүрген біздің ақтөбеліктер саны көп. Осыған орай айта кету керек, қазір Ақтөбеде медицина саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Бүгінде өте білімді дәрігерлер,  мамандар жұмыс жасайды. Бүгін, міне, облыс басшысының бастамасымен Ақтөбеде туып, өскен белгілі азаматтар бас қосып отыр. Алдағы уақытта облыс, республика көлемінде үлкен шара өтеді деп жоспарлануда. Бүгінгі шараға мен де өзімнің үлесімді ала келдім. Нақтырақ айтсам, биыл Ақтөбеде трансплантация саласын, оның ішінде хирургия саласын әрі қарай дамыту, жаңа деңгейге көтеру мақсатында жоспар жасадық. Осы жоспар аясында біз жас мамандарға шеберлік кластарын өткізіп, әр түрлі, бұрын облыс деңгейінде жасалмаған күрделі оталар жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шаралар жерлестерімізге үлкен қолдау деп ойлаймын. Бүгінгі шараға қатысып отырғаным мен үшін үлкен абырой, — деді Ж. Досқалиев.

Шарада Ақтөбе өңірінен шыққан, еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүрген белгілі азаматтар — «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы, бас директоры Исламбек Салжанов, «Максимус» ЖШС директоры Қайрат Мәйтеков, «Energy Prom» ЖШС басқарушы серіктесі Дархан Сисекенов, «AstanaOil Company» ЖШС бас директоры Жаңабай Қобыландин, «Мақсат Групп» директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров,  сондай-ақ белгілі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Айжанова өздерінің игі тілектерін жолдап, туған жердің өркендеуіне өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жерлестер бір ауыздан туған жерге, оның әлеуметтік дамуына, мәдениетіне айрықша іңкәрлікпен атсалысатындарын жеткізіп, жиналғандарға ерекше ризашылықтарын білдірді.

Бұдан кейін шарада белгілі жергілікті кәсіпкерлер сөз алып, туған жерге қосып жатқан өз үлестері жайлы әңгімелеп, Елбасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыста бірқатар игі шаралар жасалып жатқанын атап өтті.

Шарада тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандар салумен айналысып жүрген «Нектар» өндірістік кооперативінің жетекшісі Шамиль Каспранов, облысқа белгілі «Дару» клиникасы медициналық сауықтыру орталығы» ЖШС директоры Ғалымжан Елеуов, «Рокос» компаниясының бас директоры Аркадий Ни, «Актеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин, «Ақбөбек» оңалту орталығы» ЖШС директоры Күлпаршын Айдарханова өздерінің облыстың дамуына қосып жатқан үлестерін айтып, алдағы уақытта да облыста

мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, басқа да жобаларды қолдайтындарын жеткізді.

  • Қазақта: «Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары» — деген сөз бар. Бұл әр адамға өз туған жерінен артық ештеңе жоқ деген сөз. Бүгінгі күні облыс басшысы Бердібек Машбекұлының бастамасымен облысымызда «Туған жерге тағзым» акциясы басталды. Бүгінгі шараға келіп отырған жерлестеріміздің барлығы осы акцияға өз үлесін қосуда.

Менің кәсіпкер болғаныма 20 жыл болыпты. Осыдан 20 жыл бұрын орталықта 25 адам жұмыс жасаса, қазір 250 адам еңбек етеді. Бізде балабақша да, мектеп те бар. Қазіргі таңда біз білімді, туған жерін сүйетін патриот балалар тәрбиелеп жатырмыз. Осы бағытта Ақтөбе облысының іскер әйелдері де өз үлесін қосып жатыр.

Менің айтарым, туған жерге үлес қоспас бұрын әр адам туған жерін сүйе білуі керек. Оның болашағына қамқор бола білуі тиіс. Сонда ғана өз елімізді, туған жерімізді көркейте аламыз. Өмір жақсы істер жасауға берілген. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Азамат сыны – ерлікерлік сыны – елдік», — деді К.Айдарханова.

Сөзінің соңында кәсіпкер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кәсіпкер әйелдер атынан ерекше алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Шараны қорытындылаған өңір басшысы:

  • Қазақта «Көп түкірсе, көл», — дейді. Сондықтан бүгінгі шараға келген барлық азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі кездесуден үлкен нәтиже шығады деп ойлаймын. Елбасы айтқандай, біз енді рухани жаңғыруға көп көңіл бөлуіміз керек, қоғамның сана-сезімі өзгеруі керек. Сондықтан бүгінгідей шара бізге ерекше серпін береді деп ойлаймын. Бүгінгі кездесуде сіздердің айтқан ерекше ұсыныстарыңызды біз қолдаймыз. Әсіресе, медицина саласын алсақ, бүгінгі күні облыстың медициналық кластер құрудағы мүмкіндігі зор. Біздің Ақтөбеден Аққағаз Досжанова, Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев сияқты белгілі ғалымдар, профессорлар шыққан. Олардың облыста медицина саласына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта біз облыста медицина, спорт, білім беру салаларын әрі қарай дамыту үшін осындай білгір мамандардың, жерлестеріміздің атсалысуымен шеберлік кластарын өткізіп, ірі кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа жобаларымызды іске асырсақ, бұл туған жерге жасалған үлкен үлес, тарту болары сөзсіз, — деді.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев медицина ғылымының докторы, профессор, республикалық трансплантациялау орталығының басшысы Жақсылық Досқалиевке облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады.

Шара соңында өнерлі балалар ортаға шығып, ән айтып, шараға арнайы келген аға-апаларына қолдан жасаған жүректерін табыстады.

Айта кету керек, аталған шара аясында қонақтарға Ақтөбе облысының әлеуметтік және экономикалық дамуын көрсететін көрме, сондай-ақ фуршет ұйымдастырылды.

Әсері мол жүздесу болды.

Марат ЗАЙЫРОВ, «Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. Ақтөбеде өткен « ...

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені.

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор  ...

Ақтөбе қонақтарын қарсы алады.

28-29 қыркүйекте біздің облыста "Туған жер" республикалық форумы өз жұмысын бастайды.  ...

Жинақтар

  • 26.07.2017
    Қобда ауданы
  • 17.07.2017
    Әйтеке би ауданы
  • 17.07.2017
    Алға ауданы
  • 12.07.2017
    Хромтау ауданы
  • 12.07.2017
    Шалқар ауданы

Кері байланыс