«Туған жер, өзің дегенде, жүремін әр кез елеңдеп…»

29.09.2017
Error 2

Ақтөбеде республикалық «Туған жер» форумы басталады. Оған жан-жақта жүрген Ақтөбе топырағының перзенттері, соның ішінде шетелдерден келген қонақтар да қатыспақ. Әлемнің 20 елінен өз ісінде үлкен табыстарға жеткен 300-ге жуық ақтөбелік келеді. Мұндай үлкен оқиға елімізде алғаш рет өткізілгелі отыр. Бұл — облыс басшылығының бастамасы.

18 тамызда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелері бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин біздің облыстың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы оң тәжірибесін атап өткен еді.

— Ақтөбеде әлеуметтік меценаттық дамыған және Канададан Австралия аралығындағы бір кездері өңірден бастау алған бизнестің толық тізімі жасалды. Ақтөбелік кәсіпкерлердің электрондық тізімі құрылып, облыс басшылығы олармен тікелей байланысқа шықты, нәтижесінде, әлеуметтік саланың мақсатты нысандары тікелей қаржыландырылып отыр. Бұл — үлкен іс, — деп атап көрсетті Марат Тәжин.

Форумның өтуіне бірнеше күн қалғанда қонақтардың алды келе бастады. Дүйсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің және форум делегаттарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова, белгілі жазушы, 50-ден аса кітаптың авторы Рауль Мир-Хайдаров және «Көз микрохирургиясы» ЖШС директоры Мәдина Құралова журналистер сауалдарына жауап берді.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ауқымды шараның негізгі мақсаты жөнінде айтып, форумға қатысушылар туралы жан-жақты деректер берді.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Осы мақсатта ұйымдастырылған форумға шетелдерден 300-ге жуық адам келеді деп күтіліп отыр, олар — бизнес, мәдениет, білім, спорт, денсаулық сақтау салаларында үлкен табыстарға жеткен тұлғалар. Өңірдің барлық саладағы даму әлеуетін көрсету мақсатында «Ақтөбе — құтты мекен» фильмі дайындалды. Ақтөбе облысының энциклопедиялық анықтамалығы мен өңір туралы имидждік журналдың тұсаукесері болады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, жерлестеріміз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылған жобалармен танысады. Жалпы, осы бағытта облыста көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Мысалы, хоккей модулінің, облыстық тарихи-өлкетану музейінің, «Жұбановтар әлемінің», Өнер орталығының, Жекпе-жек сарайының, Мұз сарайының, Неке сарайының, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығының, түрлі гүлзарлар мен саябақтардың құрылысы жүргізілді.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында аудандарда да көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір жалпы құны 1,4 миллиард теңге болатын 20 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. 15 балабақша ашылып, 50 балабақшаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл балалардың 95 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға және балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе — «Туған жерге тағзым» акциясын жүзеге асыруда көш басында тұрған өңірлердің бірі. Биыл облыста құны 1,3 миллиард теңгеден асатын 379 жоба жүзеге асырылды. Ал, жалпы, құны 2,8 миллиард теңге болатын 555 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Демеушілер қаражатына әлеуметтік нысандар құрылысы, қалпына келтіру және заманауи құрал-жабдықтармен қамту, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы маңызды мәселелерді шешу көзделген.

Форум аясында жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар ашылып, 75 миллиард теңгеден астам соманы құрайтын он меморандумға қол қойылмақ, «Ақтөбе: бүгін, кеше, ертең» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді, ал Қобыланды батыр атындағы стадионда 4500 адамның қатысуымен театрландырылған көрініс қойылады.

Өз кезегінде форум делегаттары шеберлік сабақтарын, семинарлар, тренингтер өткізіп, ақтөбеліктермен өз тәжірибелерін бөліседі, жергілікті мамандарға кеңестер береді. Ал атақты дәрігерлер бірқатар күрделі хирургиялық оталар жасайды.

Баспасөз мәслихатына қатысқан қонақтар облыс басшылығына ірі ауқымды шараны ұйымдастырып, шақырғандары үшін алғыстарын білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова «Жұбановтар әлемі» орталығының құрылысы үшін ризашылығын білдіріп, оның жұмысына, сонымен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне Жұбановтар әулетінің жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

— Біздің туған жерге береріміз, мұндағы мамандарға үйретеріміз бар. Сондықтан, меніңше, бұл форум — өте сәтті бастама. Екінші жағынан, туған жердегі игі істерді, жаңалықтарды көріп, біз де ерекше қанаттандық, — деді Мәдина Құралова.

Ал жазушы Рауль Мир-Хайдаров:

— Бұл жиын көңілде көптеген естеліктерді оятты. Бүкіл саналы ғұмырым шет жерде өткенмен, мен ешқашан туған жермен байланысымды үзген емеспін. Туған жерді ұмытпау — қазақ халқына тән басты қасиеттердің бірі. Бұл жағынан, мен нағыз қазақпын, — деді.

Баспасөз мәслихаты кезінде форумға әнші Димаш Құдайбергеннің келіп, өнер көрсететіні де айтылды.

Мақала Ақтөбе газетінің ресми сайтынан алынды.

Сілтеме: http://www.aktobegazeti.kz/?p=58642

Автор: Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

Әсері мол жүздесу болды.

Марат ЗАЙЫРОВ, «Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. Ақтөбеде өткен « ...

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені.

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор  ...

Ақтөбе қонақтарын қарсы алады.

28-29 қыркүйекте біздің облыста "Туған жер" республикалық форумы өз жұмысын бастайды.  ...

Жинақтар

  • 26.07.2017
    Қобда ауданы
  • 17.07.2017
    Әйтеке би ауданы
  • 17.07.2017
    Алға ауданы
  • 12.07.2017
    Хромтау ауданы
  • 12.07.2017
    Шалқар ауданы

Кері байланыс