Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, онкохирург, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
— 1974 жылы Аралдан орта мектепті бітірген соң, бірден Ақтөбеге жол тарттым. Ақтөбе медицина институтына оқуға түстім. Менің Ақтөбе өңірімен байланысым осылай басталды. 17 жасымда келгеннен Ақтөбе қаласында 27 жыл тұрдым, яғни менің туған қалама айналды. Өмірімнің ең мәнді де сәнді кезі осы қалада өтті. Талай мықтылар дәріс алған медицина институтында білім алдым. Қазір өзім бірге қызмет етіп жүрген ұстазым Раиса Көзденбаева және Намаз Ізімбергенов секілді ұстаздардың дәрісін тыңдадым.
Менің хирургия саласын таңдауыма медицина ғылымының докторы, профессор, академик Валентина Морозованың үлкен септігі тиді. Ол кісі хирургияға икемі бар студентті алыстан танитын. Егер өмірде мықты ұстазға жолықсаң, міндетті түрде сен де сол секілді мықты болуға тиіссің. Олар сені осыған бағыттайды және саған кәсіби жолды көрсетеді. Ұстазым мені осылай тәрбиелеп, шығарды. Ота жасау үшін зертханадағы қырық итті өзім бағып, күткенім әлі есімде. Тынбай тәжірибе жасап, жұмыс істедік. Ұстаздардың тәлім-тәрбиесінің арқасында білікті маманға айналдық. 1980 жылы институтты бітіргеннен кейін, оқу орнында қалып жұмыс істедім. Мәскеуге қатынап оқып, докторлық диссертация қорғадым. Кейін кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет атқардым. Әрине, бұл жылдары да көп жұмыстар жасалды. Онкологиялық диспансерді басқардым. 2001 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу институтын басқару үшін Алматыға аттандым. Еңбек жолымда жақсы шәкірттер тәрбиелеуге тырыстым. Қазір менің шәкірттерімнің алды шетелде білімін жалғастырып, ел медицинасының дамуына үлкен үлес қосып жүр. Медицинаның жаңа бағытын меңгеріп жатыр. Соларға қарап отырып болашақтың жарқын екеніне қуанамын. Ақтөбедегі онкология саласын жандандыруға да менің шәкірттерімнің қосқан үлесі зор. Олармен «Туған жер» атты үлкен форум аясында тағы бір мәрте жүздесемін. Осы сәтті пайдаланып Ақтөбе жұртшылығына алғысымды айтқым келеді. 17 жасымда білім қуып Ақтөбеге келгенде ешкім мені өзге жақтан келдің деп кері итерген жоқ. Маған білім беріп, оқытып-тоқытып, әрі қарай еңбектің шыңына жетуге ықпал етті. Мен ақтөбеліктерден тек қана жақсылық көрдім. Қолымнан келгенше сол еңбекті қайтаруға тырысып жүрмін. Жыл сайын қалаға келемін. Мүмкіндігім келгенше шеберлік сабақтар өткізіп, дәріс оқимын. Бұл жолы да жай келген жоқпын. Осындағы әріптестеріммен бірге ота жасаймын.
Мақала Ақтөбе газетінің ресми сайтынан алынды.
Сілтеме:http://www.aktobegazeti.kz/?p=58539
Марат ЗАЙЫРОВ, «Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. Ақтөбеде өткен « ...
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор ...
28-29 қыркүйекте біздің облыста "Туған жер" республикалық форумы өз жұмысын бастайды.  ...