Облыстық мәслиxат xатшысы Сәния Қалдығұлованың "Туған жерге - тағзым" республикалық акциясы аясындағы Ақтөбе облыстық "Ақтөбе- құтты мекен" форумы жайлы сұxбаты.

18.05.2017
Error 2

Ақтөбе жерлестерін шақырады!

 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қыркүйекте «Ақтөбе — құтты мекен» облыстық форумы өтеді. «Туған жерге тағзым» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылатын бұл шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға да өзіндік үлес қосады. Сондай-ақ, облысымыздың 85 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне де септігін тигізбек. Өйткені форум аясында көптеген игі істер тындырылатын болады. Бұл қандай шаруалар? Форум облыс жұртшылығы үшін не береді? Осы және патриоттық мақсаттағы кең ауқымды шара туралы толығырақ білмек ниетпен ұйымдастыру комитетінің төрайымы, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұловамен әңгімелескен едік.

— Отансүйгіштік қасиет әркімнің кіндік қаны тамған жеріне, туған ауылына, өскен өлкесіне деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Біздің өңірде өткізілетін патриоттық шараның басты мақсаты да, міне, осы Елбасы айтқандай туған жерінің өркендеуіне септігін тиігізіп жүрген азаматтардың өнегелі ісін үлгі ету. Осы мақсатта елге белгілі адамдарды, кәсібінен береке тапқан ірі кәсіпкерлерді ауыл мен қаланы гүлдендіру үшін, әлеуметтік саланы дамыта түсу үшін қолдау көрсетуге тартуды жоспарлап отырмыз.

Бірінші кезекте — елді мекендердің инфрақұрылымдарын дамытып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық салаларындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Бұл игі іс жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді.

— Ұйымдастыру комитетінің негізгі қызметі қандай?

— Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ақтөбе — құтты мекен» облыстық форумына әзірлік жүргізу және өткізу мақсатында ұйымдастыру комитеті бекітілді. Оның құрамында Ақтөбе қаласының және аудан әкімдері, белгілі қоғам қайраткерлері, облыстың Құрметті азаматтары, мәдениет, білім, бизнес және кәсіпкерлік салаларындағы қызметкерлер, тағы басқалар бар. Жалпы саны — 37 адам. Жұмыс тобының жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасы үйлестіреді.

Ұйымдастыру комитеттері аудандарда да құрылды. Оларға аудан әкімдері басшылық жасайды.

Ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтті. Мен ұйымдастыру комитетінің төрайымы болып сайландым. Жиын барысында форумды өткізу және дайындық жұмыстары үшін бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, комитет мүшелерінің міндеттері нақтыланды.

— Форумға қатысуға кімдер шақырылады? Олардың бұл патриоттық акцияға қосар үлестері қандай болмақ?

— Жоспарланған жобаларды іске асыру үшін атсалысуға табысты адамдар, өнер, мәдениет, денсаулық сақтау, білім, ғылым және басқа да салалардың қайраткерлері, бизнес құрылым өкілдері: кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, мектеп түлектері, тұрғындар шақырылады.

Біздің өңірде елге танымал адамдар өте көп. Олар еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүр. Тіпті шетелдерде де біраз жерлестеріміз тұрады. Біз оларды мақтан тұтамыз. Олардың жетістігі, олардың абыройы — ел мерейі.

Ұйымдастыру комитетінің жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген. Бірінші кезектегі жұмыс — дайындық жұмыстарын ұйымдастыру.

Бұл жұмыстың аясында Ақтөбе қаласының және аудан әкімдері ел-жұртқа танымал жерлестеріміздің тізімін жасайды. Дәл қазір деректер базасына 321 адамның тізімі енгізіліп, толық өмірбаяндық деректері де жинақталды. Мысалы, олардың арасында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, республикалық трансплантология орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев бар. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Бас прокурорының орынбасары болған белгілі заңгер, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Олег Гайданов (қазір Мәскеу қаласында тұрады), Ресей ұшқыш-ғарышкері және Батыры Юрий Лончаков, спорттық гимнастикадан Олимпиада чемпионы, Америка Құрама Штаттарындағы құрама команданың жаттықтырушысы (қазір Америка Құрама Штаттарында тұрады) Валерий Люкиндер де біздің жерлестеріміз. Волейболшы Сабина Алтынбекова, белгілі кәсіпкерлер Исламбек Салжанов, Қайрат Мәйтеков және елімізге танымал жас әнші Димаш Құдайбергендер — біздің мақтанышымыз. Бұл тізім осылай жалғаса береді.

Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасы 10 елдің елшілігімен (Қытай, Америка Құрама Штаттары, Англия, Германия, тағы басқа) жұмыс істеп жатыр. Онда Ақтөбеде форум өткізілетіні және бұл шараға қатысуға жерлестерімізді шақыратындығы туралы облыс әкімінің үндеуі қоса жолданды.

Форумның екінші бағыты — әлеуметтік маңызды жобалардың тізбесін жасау және оларды жүзеге асыру үшін белгілі адамдарды тарту. Қазір облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың басшылары бірлесіп, инвестициялық жобалардың тізбесін әзірлеуде. Мұнда ауыл мен қалада салынуы тиіс ең қажетті әлеуметтік сала нысандары нақтыланатын болады.

Форум барысында келісімдерді іске асыру мақсатында меморандумдарға қол қойылады.

— Ұйымдастыру комитеті басқа қандай игі істердің атқарылуына ұйытқы болады?

— Тағы бір үлкен іс — «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығында «Танымал жерлестердің» каталогы жарыққа шығатын болады. Қазір редакция кеңесі құрылып, тиянақты жұмыс жасалып жатыр.

Облысымыздың 85 жылдық мерейтойына орай облыс туралы деректі фильм түсірілуде.

Әрине, форумға дайындық барысында форумның мазмұндық бөлігіне де баса маңыз береміз. Форумды ақпараттық қолдау жоспарына сәйкес форумның логотипі дайындалып, бекітіледі. Кәдесыйлар мен басылым өнімдерінің үлгісі дайындалады. Сондай-ақ, ауыл мен қала мерекелік безендіріледі.

Форум қонақтары мен қатысушылары үшін арнайы бағдарлама — экскурсиялық демалыс бағдарламаларын дайындау бойынша да жұмыстар істеледі.

Өзіміздің облыстан шыққан қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ақтөбе — құтты мекен» театрландырылған қойылымы көрсетіледі. Сонымен бірге спорттық мереке: спорт фестивалі (таеквондо, дзюдо, кикбоксинг, каратэ, у-шу, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс, тағы басқа спорт түрлері бойынша) ұйымдастырылады.

Дөңгелек үстел, шеберлік сабақтары, кездесулер және басқа да іс-шаралар осы форум аясында өткізіледі.

Жақында «Ақтөбе жерлестерін шақырады» сайты іске қосылады. Ол арқылы форум туралы қажетті мәліметтердің бәрін білуге болады.

— Форум қорытындысында қандай нәтижеге қол жеткіземіз?

— Ең бастысы, ақтөбеліктердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік дамуы үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, жаңа әлеуметтік жобалардың құрылысын салу, инфрақұрылымдарды дамытамыз. Мұның бәрі сайып келгенде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Менің ойымша, мұндай маңызды шараларды жиірек ұйымдастыру қажет. Өздерінің талантымен, дарынымен, жанкешті еңбегімен табысқа жеткен жерлестеріміздің жан сүйсінерлік істерін ел-жұртқа өнеге етуіміз керек.

P.S. Форум барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобалар ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Олардың арасында шығармашылық академиясы, жастар сарайы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, жекпе-жек сарайы, тағы басқа нысандар бар.

Әсері мол жүздесу болды.

Марат ЗАЙЫРОВ, «Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. Ақтөбеде өткен « ...

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені.

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор  ...

Ақтөбе қонақтарын қарсы алады.

28-29 қыркүйекте біздің облыста "Туған жер" республикалық форумы өз жұмысын бастайды.  ...

Жинақтар

  • 26.07.2017
    Қобда ауданы
  • 17.07.2017
    Әйтеке би ауданы
  • 17.07.2017
    Алға ауданы
  • 12.07.2017
    Хромтау ауданы
  • 12.07.2017
    Шалқар ауданы

Кері байланыс